20 шілдеден бастап Солтүстік Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында республикалық «Аулалардағы қабылдау» акциясы өтіп жатыр. Оның мақсаты – тұрғындардың өтініштерін қабылдау, құқықтық кеңес беру, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу. Кезекті қабылдау халық тығыз қоныстанған шағын аудандардың бірі – Чайковский көшесі, 13-үйдің ауласында ұйымдастырылды. Бұған дейін осындай кездесу Жуков көшесі, 9-үйдің ауласында өткен болатын.

 Тұрғындарды Петропавл қалалық полиция басқармасы мен Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қабылдады. Олардың қатарында басқарма басшысының орынбасары Құрман Мусин де болды. Қала тұрғындарына интернет-алаяқтықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау, қаруды сақтау тәртібі және отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ ақпараттық жадынамалар таратылып, ниет білдірген азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы өз атына несие рәсімдеуге тыйым салу қызметін қосуға көмек көрсетілді. Бүгінгі күнге дейін акция аясында 55 өтініш пен ұсыныс түскен. Оның ішінде 3-еуі – учаскелік инспекторлардың жұмысын жетілдіруге, 13-і – көшелер мен аулаларды жарықтандыруға, 14-і – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, 15-і – жол қауіпсіздігіне, ал 10-ы ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты. Дәстүрлі түрде тұрғындарды түнгі уақытта тыныштықтың бұзылуы, әсіресе жалдамалы пәтерлердегі шу мәселесі алаңдатады. Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Бірқатары сол жерде шешімін тапса, қалғандары заңнама аясында қаралатын болады. Акция 26 шілдеге дейін жалғасады.