«Мен – азаматпын». Осындай атаумен Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» жазғы сауықтыру орталығында танымдық форум өтті. Іс-шара барысында балалар азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен ел тарихы туралы білімдерін толықтырды. Форум жазғы демалыс маусымының «Ұлы даланың дәстүрлері» атты тақырыптық ауысымы аясында ұйымдастырылды.
Форум облыстық іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Бағдарлама жаңа тұжырымдамаға сәйкес әзірленген. Әр ауысымның өзіндік тақырыбы бар. Бұл жолы балалар ұлттық салт-дәстүрлермен танысып, азаматтың қоғам алдындағы міндеттері мен құқықтары жөнінде пікір алмасты.
СНХР: АЙНҰР МӘЛІКОВА, “СЕРЕБРЯНЫЙ БОР” ЖАЗҒЫ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ
Жазғы сауықтыру орталығы орман шаруашылығы аумағында орналасқан. Биыл мұнда жеті ауысым өткізіліп, 500-ден астам баланы қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда үш ауысымда 200-ден астам оқушы тынығып үлгерген. Әр маусымның өзіндік тақырыбы бар. Ал қазіргі төртінші ауысым ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді насихаттауға арналған «Ұлы даланың дәстүрлері» атауымен өтіп жатыр.
Айта кетейік, форум барысында балалар орталықтың тарихымен де танысты. «Серебряный бор» атауы 1958 жылы алғашқы шатырлы лагерьдің негізін қалаған тәлімгер Серебряковтың құрметіне берілген. Жалпы, биыл өңірде 10 жазғы сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Онда жаз мезгілінде 6 мыңнан астам бала демалады деп жоспарланған.