Банктің жалған қызметкерлерінен келетін телефон қоңыраулары, күмәнді сілтемелер мен жеке мәліметтерді қолды ету әрекеттері алаяқтардың жиі қолданатын әдіс тәсілдері. Интернет-қылмыстың алдын алу және азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Петропавлда «Зенченко және К» кәсіпорнының жұмысшылары үшін диалог алаңы ұйымдастырылды.
Алаяқтардың айласы күн санап артып, құрған тұзақтары да күрделеніп барады. Банк атынан жасалатын жалған қоңыраулар, мемлекеттік органдардан келгендей кейіп танытатын хабарламалар мен қауіпті сілтемелер жыл сайын мыңдаған азаматты қаржылық шығынға батыруда. Алдаудың амалдарын қалай тануға болады және қаскөйлердің арбауына түспеудің жолдары қандай?
СНХ: АЙСЛУ БЕКІМОВА, ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
Жыл басынан бергі статистика, өкінішке қарай, әлі де алаңдатарлық деңгейде. Бұл интернет-алаяқтықтың әлі де үлкен қауіп төндіріп тұрғанының айқын дәлелі. Мұндай жағдайда бұл сияқты кездесулер жай ғана ақпарат беру емес, өмірлік қажеттілікке айналып отыр. Олар тұрғындарға алдау схемаларын ажыратуға, жеке мәліметтерін қорғауға саналы түрде қарауға және цифрлық қызметтерді өз қауіпсіздігіне зиян келтірмей, сенімді пайдалануға көмектеседі.
СНХР: МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Мамандар телефон алаяқтығы, фишингтік шабуылдар және азаматтардың банктік шоттарын қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды. Қаскөйлердің көп сатылы алдау тәсілдерін қолданатыны айтылды. Алдымен телефонға төрт таңбалы кодты айтуды сұрап қоңырау шалынады, содан кейін eGov қызметкерлері атынан «күмәнді әрекеттер тіркелді» деген хабарлама келеді, соңында құқық қорғау органдарының атын жамылған тұлғалар шығады. Қатысушыларға егер кодты айтып қойған жағдайда туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу үшін дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі ескертілді. Әдетте, мұндай кодтар несие рәсімдеуге мүмкіндік бермегенімен, жеке кабинеттерге қол жеткізуге және алаяқтық мақсатта пайдаланылуы мүмкін.