Петропавлдық тұрғындардың спортпен шұғылданып, белсенді демалуына арналған жаңа орындар көбейіп келеді. Солардың бірі — Пёстрое көліндегі ЭКО-саябағының спорт аймағы. Заманауи спорттық құралдармен жабдықталған бұл кеңістік бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Мұнда келушілер таза ауада жаттығып, жүгірумен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.

Спорттық аймақта ерекше серпін мен үлкен белсенділік байқалады. Мұнда кәсіби спортшылармен қатар, салауатты өмір салтын серік еткен қала тұрғындары, жастар мен балалар көптеп жиналуда. Тіпті, жаңадан ашылған бұл заманауи алаңда жақында ғана жастар мен жасөспірімдер арасында триатлон мен дуатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты жоғары деңгейде өткізілді. Бұл әсіресе өскелең ұрпақ пен жас спортшылардың шеберліктерін шыңдаулары үшін өте қолайлы болып отыр.

СНХР: БЕЙБАРЫС ЖОМАРТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Бұл аймақта волейбол ойнауға, жүгірумен айналысуға, бокспен шұғылдануға, арнайы веложолақтармен жүруге, тіпті құмды жағажайдағы футбол ойнауға, жалпы спорттың көптеген түрімен айналысуға жағдай жасалған. Сонымен қатар, мұнда заманауи тренажерлық құрылғылар да орнатылған. Бұл кәсіби спорт сүйер қауымға да, әуесқойларға да ашық аспан астында шынығуға зор мүмкіндік береді. Қала тұрғындары жағалаудың осылайша жаңа кейіпке еніп, түрленгеніне дән риза.

Аумақты абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасын тауып жатыр. Соған қарамастан, қала жұртшылығы мен спорт сүйер қауым бұл экосаябақты қазірдің өзінде республикалық деңгейдегі жарыстарды еш қиындықсыз өткізуге болатын дайын, заманауи спорт кластері ретінде қабылдауда.