Облыс орталығында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ғалым, драматург, ағартушы – жазушы Қошке Кемеңгерұлының туғанына 130 жыл толуына орай «Ұлт мақтанышы-Қошке Кемеңгерұлы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталмыш іс-шараға зиялы қауым өкілдері, студенттер жиналды. 

Іс-шараның басты мақсаты – Қошке Кемеңгерұлының сан қырлы мұрасын ұлықтап, оның тарихтағы рөлін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау және архив қорларындағы тың деректерді ғылыми айналымға енгізу. Көршілес елде дүниеге келгенімен, ұлт қайраткерінің ел арасындағы беделі мен абыройы биік. «Ұлт қайраткерінің 1918 жылғы саяси күреске біртіндеп араласа бастаған қазақ жастарының қоғамдағы орнын айқындаған қолжазбасы жазушының туған қаласы – Омбы архивтерінде сақтаулы», – дейді Сәуле Мәлікова.

СНХ: СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Қазіргі таңда Қошке Кемеңгерұлының салып кеткен ізімен жүріп келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі ұлт қайраткерінің шөбересі, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер. Текті ұрпақтың сынығы ретінде, ел тарихы, мәдениеті пен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан Қайырбек Кемеңгерұлының атасы Қошкенің еңбектерін барша қазақ халқына, тіпті шетел студенттеріне таныстырып, дәріптеп келе жатқаны туралы талай жыл бірге қызмет атқарған Дүйсен Сейітқалидың әңгімесі арқылы білдік.

СНХ: ДҮЙСЕН СЕЙІТҚАЛИ,  Л.Н.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Айта кеткен жөн, іс-шара аясында архив қорларынан дайындалған «Қызылжардың ұлт зиялылары» атты бірегей құжаттар көрмесі таныстырылды.