Ақын, ұстаз, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Манап Қабдөшқызы Ысқақованың балаларға арналған өлеңдер жинағының таныстырылымы өтті. Жаңартылған форматта жарық көрген кітаптар енді бүлдіршіндерге заманауи әрі интерактивті үлгіде ұсынылмақ.
«Тілашар», «Табиғат – біздің үйіміз», «Балаларға базарлық» сынды балаларға арналған өлең жинақтары осы уақытқа дейін балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдерінің тәлім-тәрбие жұмысында таптырмас көмекші құралға айналған. Енді бұл кітаптар заман талабына сай жаңартылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға да ыңғайланып қайта басылып шықты. Жинақтарда интерактивті элементтер, пазлдар мен түрлі танымдық тапсырмалар қамтылған. Бұл балалардың тіл байлығын дамытып, сөйлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Кітаптардың дизайны мен иллюстрацияларын автордың немересі жасанды интеллектінің көмегімен әзірлеген.
СНХР: ЖАННА РАХИМОВА, МАНАП ЫСҚАҚОВАНЫҢ НЕМЕРЕСІ
Замандастары мен әріптестерінің айтуынша, Манап Қабдөшқызы ұстаздар қауымы арасында терең білімімен, шәкірт жүрегіне жол таба білетін қасиетімен ерекшеленген. Ол балалардың бойында кітапқа, білімге деген сүйіспеншілікті оята білді. Әріптестері оның адалдығы мен әділдігін, адамгершілігі мен жанашырлығын ерекше құрметпен еске алады.
СНХР: МАРАЛ ОСПАНОВА, АҚЫН, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Қазіргі таңда «Жануарлар жыры», «Табиғат – біздің үйіміз», «Балаларға базарлық» атты кітаптардың үш мың данасы оқырманға жол тартты. Жалпы Манап Қабдөшқызының алты бірдей кітабы бар.