Интернет алаяқтық тиылар емес, СҚО-да интернет-алаяқтықтың алдын алудың жаңа тәсілі енгізілді. Енді өңірде әр айдың 15-і күні халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ауқымды акция өтеді.

Төрт ай ішінде солтүстікқазақстандықтар интернет-алаяқтардың кесірінен жарты миллиард теңгеден айырылды. Алаңдатарлық көрсеткіштерді өзгерту үшін өңір билігі киберқылмыстың алдын алудың жаңа тәсілін енгізді. Енді Солтүстік Қазақстан облысында әр айдың 15-і күні халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған ауқымды акция өтеді.

Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов профилактикалық жұмыс жоспарына қол қойды. Бірыңғай профилактика күні аясында Петропавл мен облыс аудандарында полицейлерге еріктілер, белсенділер және барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері қосылуда.

Білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында басшылар еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін алдын ала дәрістік және үлестірме материалдар дайындалды. Облыс орталығында тәртіп сақшылары педагогтермен бірге қоғамдық орындарда түсіндіру жұмыстарын өткізуде. Бейнероликтер көрсету, жадынамалар мен буклеттер тарату, тұрғындармен тікелей байланыс — барлығы азаматтарға қауіп туралы ескертуге бағытталған.

СНХР: Әлнұр Ахмедьяров — СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы

Полицейлердің жұмысы нәтижесін беруде. Мұны соңғы жылдардағы көрсеткіштерден байқауға болады. 2024 жылы СҚО-да 756 интернет-алаяқтық тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 942 миллион 300 мың теңгені құраса, өтелген шығын сомасы небәрі 74 миллион 847 мың 351 теңге болды. 2025 жылы 654 кибералаяқтық фактісі тіркелді. Жалпы шығын көлемі 1,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Алайда оның 0,5 миллиард теңгеден астамы өтелді.

Полиция мен өзге де мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі артып келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру — интернет-қылмыстарды азайтудың келесі маңызды қадамы.