Дүйім жұрт таңнан бастап Мәңгілік алау ескерткішінің маңына жиналды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі, ардагерлер, әскери қызметкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері жастар мен тұрғындар қатысты. Іс-шара барысында өңір басышы сөз сөйлеп, Жеңіс күнінің тарихи маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсеткен майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен жиналған қауым Отан үшін жанын қиған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Ескерткішке гүл шоқтарын қойып, іс-шараға қатысушылар батыр бабалардың рухына тағзым етті. Қолдарына майдангерлердің естелік суреттерін ұстаған жұрт олардың ерлігі мен жанқиярлығын мақтанышпен еске алып, кейінгі ұрпаққа өнеге болар тағылымын насихаттады.
СНХ: АМАНҒАЛИ ҚОСПАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ
Гүл шоқтарын қою және боздақтарды еске алу рәсімі кейін Жеңіс саябағында жалғасын тапты. Айта кетейік, мұнда Солтүстік Қазақстан өңірінен шыққан 66 азаматтың есімі мәңгілікке қашалып жазылды. 2015 жылдан бері 9 мамыр күні бұл қасиетті орынға тұрғындар арнайы келіп, ерлікпен қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етеді.
Салтанатты жиын мерекелік іс-шарамен жалғасып, концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Сахнада шырқалған әндер мен өнерпаздардың жарқын қойылымдары жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады. Қала тұрғындары көтеріңкі көңіл-күймен мерекені тамашалап, жылы жүздесіп, Жеңіс күнінің рухын бірге сезінді.
Осылайша, Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс- шаралар Петропавл қаласында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосты. Мерекелік алаңға жиналған жұртшылықтың ортақ тілегі – ел тыныштығы мен берекесін сақтау, тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірін қадірлеу болды.