Биыл облыстағы егіс алқабының көлемі 4,3 млн гектарды құрады. Егіс құрылымын әртараптандыру аясында дәнді дақылдардың көлемі 100 мың гектарға қысқартылып, 2,9 млн гектар болды. Сонымен қатар өңір табыстылығы жоғары әрі нарықта сұранысқа ие дақылдарды өсіруге кезең-кезеңімен көшуде. Майлы дақылдардың егіс көлемі қатарынан екінші жыл 1 млн гектарға жетсе, мал азықтық дақылдар 405 мың гектар жерге егілді. Картоп пен көкөніс дақылдарының алқабы өткен жылғы деңгейде сақталып, тиісінше 8,6 мың және 1,4 мың гектарды құрады. 

Егіс науқанының аяқталуы жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Бүгінде шаруалардың басты міндеті – қалыптасқан өнім әлеуетін сақтап қалу. Осы маусымда егістіктердің фитосанитарлық қорғалуына ерекше назар аударылуда. Өнім шығынына жол бермеу мақсатында арамшөптермен, зиянкестермен және ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларымен күрес бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні облыс бойынша арамшөптерге қарсы гербицидтік өңдеу жұмыстары 2,6 млн гектар алқапта жүргізілді. Зиянкестерге қарсы өңдеу 0,8 млн гектарды, ал ауруларға қарсы өңдеу 0,6 млн гектарды қамтыды. Аграрийлерді қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі – пестицидтер сатып алу шығындарын мемлекеттік субсидиялау. Қолданыстағы ережелерге сәйкес өсімдіктерді қорғау құралдарының құнының 50 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидияланады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егістіктерді уақытылы өңдеуге және өнімді сақтап қалуға мүмкіндік береді.