Петропавлда Конституция көшесінде тұрғындарға арналған құқықтық кеңес беру акциясы өтті. Іс-шараны Қоғамдық даму және ақпарат орталығы ұйымдастырды. Ашық аспан астында өткен кездесуде қала тұрғындары заңгерлер мен түрлі сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тегін кеңес алды.
Акцияның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға қолжетімді құқықтық көмек көрсету. Тұрғындар еңбек қатынастары, тұрғын үй, отбасы құқығы және басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша мамандардан кеңес алды. Іс-шараның ерекшелігі – кез келген азамат алдын ала жазылмай-ақ келіп, қажетті ақпаратқа қол жеткізе алды.
СНХР: МҰСА ӘУБӘКІРОВ - ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ
Шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, құқықтық және психологиялық көмекке жүгінетін әйелдер мен қыз-келіншектердің қатары аз емес. Көп жағдайда жәбірленушілер өз құқықтарын толық білмейді немесе мәселені дер кезінде анықтай алмай жатады.
СНХР: ӘСЕМ ІЛИЯСОВА - ПЕТРОПАВЛ Қ. ПБ ОТБАСЫЛЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.