Жастар сарайында Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы жанынан құрылған өнер орталығының есеп беру концерті өтті. Аталған іс-шараға қала және облыс ардагерлері, ұстаздар мен ата-аналар шақырылды. 

Өнер орталығы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы ашылғалы бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда 400-ге жуық оқушы төрт бағыт бойынша білім алып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауда. Айта кетейік, есеп беру концерті екі жылда бір рет өткізіліп, шәкірттердің жетістіктерін көпшілікке таныстыруға мүмкіндік береді.

СНХР: ДӘМЕШ ҚҰРМАНКИНА, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Жалпы, орталық 4 бағыт бойынша, атап айтқанда: музыка, би, театр және айтыскерлер сыныбы бойынша жұмыс істейді. Ал, есеп беру концертіне шамамен 200-ден астам оқушы қатысты. Солардың бірі — Мадина Серік. Ол 3-сыныптан бері домбырада ойнап, түрлі облыстық және халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр. Жас өнерпаздың айтуынша, бұл кешке дайындық ұзақ уақытты талап етіп, әр нөмір тыңғылықты дайындалған.

СНХР: МАДИНА СЕРІК, ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ШӘКІРТІ

Кеш барысында барлық нөмірлер жанды дауыста орындалып, халық арасында кеңінен танымал әндер ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен шырқалды. Сонымен қатар, заманауи эстрадалық бағыттағы шығармалар да сахналанып, дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан концерт көрерменге ерекше әсер сыйлады.