Солтүстік Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқын алып келеді. Қазіргі таңда өңірде баламалы энергия өндіретін 7 нысан жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында Сергеев су электр станциясы, сондай-ақ «Зенченко және К» және «Иван Зенченко» кәсіпорындарына тиесілі жел генераторлары бар. Енді Есіл ауданының Покровка ауылында ірі жоба жүзеге аспақ. «Green Era Company» компаниясы 27 жел генераторынан тұратын жаңа жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Жобаның жалпы қуаты 200 мегаваттты құрайды. Әрбір қондырғының қуаты – 7,5 мегаватт. Ал алдын ала құны 3 миллиард теңге деп бағаланған. Қазіргі уақытта жобаның егжей-тегжейлі жоспары дайын. Жер телімдерін рәсімдеу мен топографиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.