Солтүстік Қазақстан облысында ерекше балаларға арналған инклюзивті футбол жобасы қарқын алып келеді. Бүгін Петропавлда маңызды ынтымақтастық жөніндегі келісім жасалды. «Қызылжар» футбол клубы мен «Bolashak Charity» қоры арасында меморандумға қол қойылды.
Бұл бастама үш жыл бұрын қолға алынған. Қазір жоба «UNI Football League» атауымен еліміздің 9 қаласында жүзеге асуда. Инклюзивті секцияларда аутизм, Даун синдромы және церебралды сал ауруы бар 10-18 жас аралығындағы балалар жаттығады. Жобаның басты мақсаты – ерекше балаларды спорт арқылы қоғамға бейімдеу. Жаттығулар арнайы бағдарлама бойынша өтеді және қатысушылардың ерекшеліктері толық ескеріледі.
СНХР: АЗАМАТ БОЖАҚ - «BOLASHAK CHARITY» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жоба аясында балалар кәсіби жаттықтырушылармен жұмыс істейді. Олар UEFA санатындағы мамандар және инклюзивті білім беру бойынша арнайы дайындықтан өткен. Сонымен қатар, қатысушылар республикалық турнирлерге қатысып, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі кездесу барысында ерекше балалар жергілікті «Қызылжар» футбол клубының ойыншыларымен бірге алаңға шығып, бірлескен жаттығу өткізді.
СНХР: ӘЛІШЕР АПСАЛЯМОВ - «ҚЫЗЫЛЖАР» ФУТБОЛ КЛУБЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
Бұл жоба ерекше балалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғамдағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға деген көзқарастың оң өзгеруіне ықпал етеді, оларды белсенді әлеуметтік өмірге бейімдейді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін бұл жоба маңызды қолдау болып табылады. Ол балаларға спортпен айналысу үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта ұсынып, тек физикалық дамуына ғана емес, әлеуметтік бейімделуіне де септігін тигізеді.
Снхр: НАДЕЖДА ЕСИМОВА – АТА-АНА
Айта кетейік, жоба Қазақстан футбол федерациясы мен «Bolashak Charity» қорының бастамасымен жүзеге асуда. Ал бас демеуші – «Freedom Holding Corp. «Freedom Shapagat» қайырымдылық қоры. Инклюзивті футбол – ерекше балалар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Ал осындай жобалар олардың қоғамнан өз орнын табуына жол ашады.