«Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалы мамандары өңірдегі тасу қаупі бар өзен-көлдерді тұрақты бақылауға алған. Өткен тәулікте Северное ауылы маңындағы Шағалалы өзенінің деңгейі 14 сантиметрге төмендеді. Ал Ленинградское елді мекені тұсындағы Шат өзенінің деңгейі керісінше 27 сантиметрге көтерілген.

Есіл өзенінде де кейбір елді мекендер маңында аздаған көтерілу байқалады. Атап айтқанда, Ольшанка ауылында су деңгейі 4 см, ал Новокаменка мен Сосновый бор маңында Есіл өзенінде 3 см артқан.

Сонымен қатар, соңғы бір тәулікте Мұқыр ауылы маңындағы Мұқыр өзені мен Ковыльное ауылындағы Аққанбұрлық өзенінің деңгейі 4 см жоғарылаған. Дегенмен, мамандардың айтуынша, әзірге бұл көрсеткіштер қауіп төндірмейді. Сергеев су қоймасындағы жағдай тұрақты. Қазіргі таңда су деңгейі 773 сантиметрді құрап, су торабы 95,5 пайызға толған. Петропавл су қоймасында да жағдай бірқалыпты.

Жалпы, облыстың басқа су айдындарында гидрологиялық ахуал тұрақты.