«Батамен ел көгерер» республикалық батагөйлер байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Байқау ұлтымыздың сан ғасырлық рухани мұрасының бірі – бата беру дәстүрін жаңғырту және кеңінен насихаттау мақсатында «Ауыл» партиясының бастамасымен ұйымдастырылды.

Аталған байқау қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бата дәстүрін дамыту және оның қоғамдағы тәрбиелік маңызын арттыру мақсатында өткізілді. Байқау Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті. Қатысушылардың жұмыстары «Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы тарапынан қабылданып, жинақталды.

Снхр: АЙГЕРІМ СӘРСЕНБАЕВА – «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АППАРАТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Облыстық кезеңге өңірдің 13 ауданынан және Орал қаласынан барлығы 17 батагөй қатысып, 18 бата ұсынылды. Байқау жұмыстарын бағалау үшін арнайы қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды: I орын – Мұхамедияр Шаяхин, II орын – Сағындық Нұрұшов, III орын – Кәрімжан Биғожинге бұйырды.

Снхр: МҰХАМЕДИЯР ШАЯХИН – БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

1 орын жеңімпазына 100 000 ақшалай сыйлық берілсе, 2 орынға – 70 000, 3 орынға 50 000 теңгелік сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, байқауға белсенді қатысқандар арнайы ақшалай ынталандыру сыйлықтармен марапатталды. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деген халық даналығына сай бұл байқау ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени іс-шаралардың бірі болды.