Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруі тиіс. Елордада өткен мәслихат депутаттарының үшінші республикалық форумында Мемлекет басшысы осы мәселеге тоқталды. Президенттің сөзінше, былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Енді аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Мәслихаттарға жүктелетін міндет – осы ақшаның тиімді жұмсалуын қатаң бақылау. Қазіргі тәртіпке сәйкес, жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға тиісті түсініктемелер берілмейді, тек жалпы мәлімет қана ұсынылады. Бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды сынға алып, әкімдіктегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Президент мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қараған абзал дейді.
Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Сонымен қатар мәслихат төрағаларының өкілеттігі екі мерзімнен аспауы қажет деген ұсыныс айтылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ