Сахна – сезімнің мекені. Ал сол мекенде көрермен жүрегіне жол тауып, әр рөлін кәсіби шеберлікпен шынайы сомдайтын актрисалар бар. Солардың бірі – Аида Сұпатаева. Театрды тұтас ғұмырына айналдырған актрисаның шығармашылық жолы көпке үлгі.
Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл облысы, Ақсу ауданы, Ақбұлақ ауылында 1978 жылдың 8 мамырында дүниеге келген Аида Ілиясқызы өнерге бала күнінен құштар болды. Арманы жетелеп, 1994 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы табалдырығын аттады. 1998 жылы оқуын тәмамдап, кәсіби сахнаға жолдама алды. Ол 2000 жылдан бері С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында 50-ге жуық қойылымда сан қырлы образ сомдап, театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
АИДА СҰПАТАЕВА, МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, С. МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ
Өнер жолы оның өмірлік серігін де жолықтырды. 1999 жылы актер, режиссер Баатырбек Шамбетовпен шаңырақ көтерді. Екеуі де Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер ордасында білім алған. Бүгінде өнегелі отбасы – екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Актрисаның кәсібилігі мен адамгершілік болмысы ұжым арасында ерекше бағаланады. Әріптестері оның сахнаға деген жауапкершілігін, әр рөлге тыңғылықты дайындалатынын жиі атап өтеді. Қандай образ болмасын терең зерттеп, жан дүниесімен берілуі – оны даралай түсетін қасиет. Театр ұжымы Аида Ілиясқызын сенімді серіктес, ізденімпаз актриса әрі ақжарқын жан ретінде құрметтейді.
ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С. МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Өнерге адалдық пен табандылықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Аида Сұпатаева – қазақ театр өнерінің шынайы жанашыры. Сахна шамы сөнбегенше, оның өнерге деген махаббаты да мәңгілік.