15-наурыз референдум күні елімізде 10 мың 411 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Учаскелердің 80-і Қазақстан елшіліктері жанында, 62-і шет мемлекетте ашылады. Бұл туралы бүгін Орталық референдум комиссиясының мүшесі Азамат Айманақұмов арнайы брифингте хабарлады. Дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Әскери бөлімдерде, санаторийлерде, ауруханаларда және түзеу мекемелерінде егер тізімдегі барлық сайлаушы дауыс беріп үлгерсе, дауыс беру белгіленген уақыттан бұрын аяқталуы мүмкін. Ал референдумның қорытындысы жеті күннен кешіктірілмей жарияланады.