Петропавл қаласының теміржол вокзалында конькимен жүгіру спортынан жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңдерінен оралған Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Кристина Шумекованы салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Жас спортшы Италияның Коллальбо қаласында өткен халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, түрлі қашықтықтар бойынша 6 алтын медаль иеленді.

Әлем Кубогының жеңімпазы Кристина Шумекованы теміржол вокзалынан туған-туыстары мен жаттықтырушысы ерекше ықыласпен қарсы алды. Қолдарына гүл шоқтары мен плакаттар ұстаған жақындары оған жылы лебіздерін білдіріп, жеңісті сәттің қуанышын бірге бөлісті. Спортшының айтуынша, бұл жарыс кезеңдері ол үшін аса маңызды әрі нәтижелі болған.

СНХ: КРИСТИНА ШУМЕКОВА, ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Жарыс барысында спортшылар 1000, 1500 және 3000 метр қашықтықтарда бақ сынады. Алты бірдей алтын медаль — тынымсыз еңбектің, үздіксіз жаттығудың нәтижесі. Спортшының жаттықтырушысының айтуынша, Кристина конькимен жүгіру спортымен 7-сыныптан бері айналысып келеді және еңбекқорлығымен ерекшеленеді.

СНХ: ОЛЬГА ИХТЕНДРИС, КРИСТИНА ШУМЕКОВАНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Айта кетейік, жаңа жылдан соң жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді. Кристина Шумекова алдағы сайыстарға дайындықты жалғастырмақ.