Негізгі Жаңалықтар Петропавлда футболдан әйелдер лигасының шешуші матчы өтті

Петропавлда футболдан әйелдер лигасының шешуші матчы өтті

Петропавлда футболдан Әйелдер лигасының финалдық шешуші матчы өтті. Алаңда Шымкент пен Түркістан командалары арасында чемпиондық атақ сарапқа салынып, тартысты ойын өтті. Қай команда жеңіске жетті? 

Биылғы маусымның мәресі туған өлкеміздің төрінде өтті. Шешуші ойынды тамашалауға Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов арнайы келді. Ақтық сында кездескен қос мықтының бұл кезеңге дейінгі жолы оңай болған жоқ. Алайда, финалдық ысқырық шалына сала, Шымкенттің БИИК командасы тізгінді бірден өз қолына алды. Бар-жоғы 7-ші минутта Бибігүл Нұрышева қарсылас қақпасынан саңылау тауып, есеп ашты.   

Арада небәрі екі минут өткенде, Шымкент командасының ойыншысы Теодора Никоара қарсылас қорғаушыларын қапы қалдырып, есепті еселей түсті.

Үзілістен кейін де «БИИК» құрамасы алаңдағы үстемдігін бермеді. Ойынның 56-шы минуты... жанкүйерлердің кумиріне айналған, Гүлнара Габелия үшінші гол соқты. 

Бұл – оның кәсіби карьерасындағы 390-шы, әрі футболдағы ең соңғы голы. Гүлнара Габелия бұл кездесуден соң үлкен спортпен қоштасатынын мәлімдеген. Қарсылас команда қанша тырысқанымен, тәжірибелі әрі тегеурінді шымкенттіктерге лайықты қарсылық көрсете алмады, ойын 3:0 есебімен аяқталды. Осылайша чемпиондық Кубок Шымкент командасының еншісіне бұйырды. Ал Отандық спортқа сіңірген орасан зор еңбегі мен тұлғалық қасиеті үшін Гүлнара Габелияға ерекше құрмет көрсетіліп, сыйлықтар табыс етілді.

СНХ: СКОТТ МАНН - ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ  

Алайда, тарихи кештің нүктесі мұнымен қойылған жоқ. Трибунадағы жанкүйерлер үшін үлкен тосынсый болды. Футбол мерекесінің құрметті қонағы ретінде алаңға эстрада жұлдызы Дастан Оразбеков шығып, көпшілікке әннен шашу шашты. 

Бөлісу