«Бірлікке үн қосқан»
Қазақтың әні мен күйі, жыры мен дәстүрі -түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылық төңірегіне топтастыратын бірегей мәдени мұра. Осы орайда Солтүстік Қазақстанда өзге ұлт жастарының қазақ өнеріне деген қызығушылығын арттыруды көздейтін «Бірлікке үн қосқан» тақырыбында облыстық байқау өтті. Сайыста 14 пен 18 жас аралығындағы қатысушылар үш номинация бойынша өнер көрсетті.
Байқаудың мақсаты – Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделеу туралы бастамасын ілгерілету, өзге ұлт жастарының арасында дәстүрлі ұлттық құндылықтарды сақтау және дәріптеу процесіне белсенді тарту, мемлекеттік тілді, қазақстандықтардың креативті және шығармашылық әлеуетін дамыту.
СНХР: НҰРЛАН ЖАМАНТАЕВ – «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАС САРАПШЫСЫ
Байқау үш бағытты қамтыды. «Дала дауысы» номинациясында қатысушылар қазақ әндерін орындаса, «Алтын ішектерде» домбыра мен қобыз секілді ұлттық аспаптарда шеберлігін көрсетті. Ал «Жырмен өрілген бірлік» аталымында Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері оқылды. Биыл ақынның 95 жылдығы да кеңінен аталып өтіп жатыр. Байқауға қатысушылардың бірі Юлия Родионова. Ол Мағжан Жұмабаев ауданынан келген.
СНХР: ЮЛИЯ РОДИОНОВА — ҚАТЫСУШЫ, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ
Жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыруға арналған байқаудың онлайн кезеңі де ұйымдастырылған. 25 тамыз бен 14 қыркүйек аралығында қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын мәнерлеп оқып, әлеуметтік желіге бейнероликтерін жариялады. Ең көп қолдау жинаған жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар мемлекеттік тілді дәріптеп қана қоймай, ел жастары арасында ортақ мәдени құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.