Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жаратылыстану пәні бойынша екінші облыстық олимпиада өтті. Дәстүр бойынша бұл зияткерлік сайысқа қала мен облыс аудандарындағы жалпы білім беретін мектептердің 6-сынып оқушылары қатысты.

Жас қатысушылар химия, биология, география және физика пәндері бойынша өз білімдерін сынап көрді. Олимпиаданың мақсаты дарынды оқушыларды анықтау, олардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыру, зерттеушілік ойлауды дамыту және әрі қарай білім алуға ынталандыру болды. Білім сайысына 80-ге жуық оқушы қатысты. Олимпиадалық тапсырмаларды орындаған соң олар Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру ортасымен танысып, мектептің мүмкіндіктері мен оқу шарттары туралы ақпарат алды. Көптеген оқушылар бұл олимпиада осы мектепке түсуге бағытталған алғашқы қадам болатынын жасырмады.

СНХ: ӘЛМӘДИ КӘСЕН, М.Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейінің оқушысы

Олимпиада жақсы өтті, сұрақтар қиындау болды, бірақ жақсы орындадым деген ойдамын. Өзіме жаратылыстану пәні ұнайды. Тәжірибе жасағанды ұнатамын. Әсіресе, химия, биология пәндерін сүйіп оқимын. Осы мектепте болашақта келіп оқығым келеді, мектеп ұнады.

Олимпиада қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен және тәтті сыйлықтармен марапатталды, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар мен құнды сыйлықтарға ие болды. Мұндай іс-шаралар өңірдегі дарынды балаларды қолдауға және облыс мектептері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.