Петропавл қаласында облыс үшін бірегей, толық циклді саңырауқұлақ фермасы өз жұмысын бастады. Жылыжай кешенінде шампиньон өсірудің заманауи технологиялары қолданылады. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.

Өңір басшысы мен ауыл шаруашылығы министрі алдымен «Жасыл Солтүстік» жылыжай кешенінде болды. Қазіргі таңда облыстың ең ірі жылыжай кешені жыл сайын шамамен 3 мың тонна қияр өндіреді және өңір қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз етеді. Жылыжай кешенінің аумағы -3,7 гектар. Болашақта серіктестік қызанақ пен көк шөп дақылдары есебінен өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпорында заманауи технологиялар енгізіліп, өндіріс процесі автоматтандырылған. «СҚО тәжірибесін тираждау» жобасы аясында алдағы уақытта өндірістік қуатты жылына 4,5 мың тонна дайын өнімге дейін ұлғайту жоспарланған.

Сондай-ақ Айдарбек Сапаров пен Ғауез Нұрмұхамбетов «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аумағында ашылған саңырауқұлақ фермасының жұмысымен танысты. Отандық инвестордың бастамасымен жүзеге асырылған жоба өңдеуді дамытуға, импортты алмастыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

СНХ: ДАРХАН ӘМРИН, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Жобалық қуатқа шыққаннан кейін ферма жылына 2 400 тонна шампиньон және 4 000 тонна компост өндіре алады. Бұл елдегі саңырауқұлақ өнімдеріне деген сұраныстың шамамен 25%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба аясында 65 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндіріс Польшада шығарылған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған.

Министр аталған жобалар агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, отандық инвесторларды қолдауға және жоғары қосылған құны бар заманауи өндірістер құруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

СНХ: АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ

Қоса кетейік, жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгені құрайды, оның жартысы мемлекеттік қолдау тетіктері, соның ішінде «Солтүстік» ӘКК мен «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы арқылы қаржыландырылған.