Солтүстік Қазақстан облысында 522 мың тұрғын бар. Олардың шамамен 52 пайызы әйелдер. Алайда мемлекеттік органдардағы әйелдердің үлесі әлі де біркелкі емес. Облыстық мәслихат жанындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында әйелдердің өңірлік саясатқа қатысуы талқыланды.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының халқы 522 мың адамды құрайды. Оның ішінде әйелдер үлесі 52 пайызға жуық. Десе де, билік құрылымдарында әйелдер саны аз. Бұл әсіресе 2023 жылғы аудан әкімдерінің пилоттық сайлауында байқалды. Республика бойынша 249 кандидаттың ішінде небәрі 13-і ғана әйел болған.

СНХР: ЖЕҢІС АСАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚОФ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ


Оң өзгерістерге қарамастан, шешімін табуды қажет ететін мәселелер бар. Солардың қатарында шалғай ауылдарда білім беру бағдарламаларының қолжетімсіздігі, экономика салаларында әйелдердің біркелкі ұсынылмауы және әлеуметтік стереотиптердің ықпалы. Әсел Есжанованың айтуынша, биліктің жоғары сатыларында әйелдердің үлесі әлі де төмен. Мысалы, Үкімет құрамында 21 министрдің төртеуі ғана әйел. Елімізде әлі күнге дейін бірде-бір облысты әйел әкім басқармаған, сондай-ақ әйелдер Жоғарғы сот төрағасы, Ұлттық банк басшысы, Бас прокурор қызметтерін ешқашан атқармаған.

СНХР: ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СҚОФ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ


Әйелдер қанаты экономикалық және саяси салада әйелдердің рөлін арттыру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жиынға қатысушылар гендерлік теңдік әділеттілік мәселесі ғана емес, әрбір әйел өз әлеуетін іске асырып, өңірдің дамуына үлес қоса алатын тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру екенін атап өтті.