Солтүстік Қазақстан облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Қонақүй бизнесі мен демалыс аймақтарының саны артып, қызмет сапасы жақсарып жатыр. Туристерге жайлы жағдай жасау, жаңа бағыттарды дамыту – өңірдің басым бағытының бірі. Толығырақ – келесі сюжетте.

Зкт: Облыс орталығында қонақ үй инфрақұрылымы жаңарып келеді. Солардың бірі – жақында ғана ашылған «Самовар» қонақ үйі. Мұнда қонақтарға жоғары деңгейлі сервис, жайлы бөлмелер мен кеңейтілген ас мәзірі ұсынылады.

СНХ: ВИКТОРИЯ ПОЛТАВЕЦ «САМОВАР» ҚОНАҚ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ


«Самовар» қонақүйі күздің басында ашылды. Біз алдымен туристер мен қалаға келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасауды мақсат еттік. Сол үшін бөлмелердің ішкі әрлеуіне, материалдардың сапасына, жайлылыққа ерекше мән бердік. Соның ішінде матрастар, сантехника – бәрі қонақтар өздерін жайлы сезінуі үшін таңдалды. Бізге іссапармен келетін адамдар да көп, сондықтан сервистің жоғары деңгейде болуын өзім жеке қадағалаймын.

Қонақ үйде мейрамхана жұмыс істейді, мұнда таңғы ас дайындалады. Қонақтар кең таңдау ұсынылған «швед үстелімен» таныса алады. Сонымен қатар мұнда «А-ля карт» бар: аспаздар қонақтардың көз алдында омлет, қуырылған жұмыртқа секілді басқа да көптеген тағамдарды дайындап береді. Дайын тұрған тағамдарды да алуға болады. Бұдан бөлек кір жуу қызметі қарастырылған.

СНХ: ВИКТОРИЯ ПОЛТАВЕЦ «САМОВАР» ҚОНАҚ ҮЙІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ


Қонақ үйде барлығы 34 бөлме бар: оның 1-еуі – VIP, 15-і – стандарт, қалғаны – люкс санатында. Алғашында бағаларымыз сәл жоғарылау болды. Кейін қонақтар біздің қызметпен танысып көруі үшін құнын төмендеттік. Соның арқасында ашылғаннан кейін бір ай көлемінде қонақтар жиі келе бастады. Қазір 34 бөлменің 20-сына қонақтар орналасқан. Жаңа ашылған кәсіп үшін бұл өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын.

 Ал қаланың күйбең тірлігінен шаршаған жандарға табиғат аясында демалатын орындар қарастырылған. Оның бірі облыс орталығынан 15 км қашықтықта «Волна» орналасқан демалыс аймағы. Мұнда жыл бойы демалуға арналған жағдай жасалған.

СНХ: ТИМУР СӘРСЕМБАЕВ «ВОЛНА-СЕВЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫ


Біз бұл базаны алғанымызға үш жыл болды. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Қажетті коммуникациялар жүргізіліп, орталық су жүйесі, кәріз жүйесі және жылу қосылды. Соның арқасында нысанды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік туды. Қазір мұнда шамамен 12 үй мен монша салынды. Аумақ абаттандырылды.

Жаз мезгілінде велосипед жалға беру пункті жұмыс істейді, ал қыста шаңғы, коньки тебуге болады. Футбол және волейбол алаңдары бар. Жазда бассейн ашылады. Көбіне демалушылар мұнда достарымен немесе отбасымен келеді. Мұнда екі адамнан бастап жайғасуға болатын үй түрлері қарастырылған. Балалармен келуге де өте қолайлы.

СНХ: ТИМУР СӘРСЕМБАЕВ «ВОЛНА-СЕВЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫ


Алдымыздағы жылы біз емдік корпус пен мейрамхана салу жобасын қарастыра бастаймыз. Жоспарларымыз ұзақ мерзімді, себебі жобаның өзі өте ауқымды әрі қымбат. Емдік корпуста тірек-қимыл жүйесі мен асқазан-ішек жүйесіне қатысты сауықтыру қызметтері көрсетілмек. Яғни тамақтану бағдарламасы мен қозғалыс жүйесін сауықтыру бағытында қызмет болады.

Туристік инфрақұрылымның дамуы – өңір экономикасына серпін беретін маңызды бағыт. Жаңа нысандардың ашылуы, сервис сапасының артуы алдағы уақытта аймақтың тартымдылығын одан әрі арттырып, туристер үшін қолайлы жағдай қалыптастырмақ.

Рабиға Ералы, Қуанар Абдрахманов, жаңалықтар қызметі.