Солтүстік Қазақстан облысында басталған «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын мал ұрлығынан, ал тұтынушыларды сапасыз ет өнімдерінен қорғау.

Жедел алдын алу іс-шарасы аясында ет сату орындары мен малды заңсыз сою фактілеріне бақылау күшейтіледі. Жұмыс ветеринариялық қызмет өкілдерімен бірлесіп жүргізіледі. Іс-шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қылмыстарды анықтау, жолын кесу және алдын алу бойынша кешенді шараларды қамтиды. Әсіресе малдың еркін жайылуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Полицейлердің айтуынша, қараусыз жүрген мал көбіне ұрылардың оңай олжасына айналады. Тәртіп сақшылары жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және патрульдік полиция қызметкерлерінен мобильді топтар құруда. Ерекше назар - ұрланған малды өткізуге пайдаланылуы мүмкін логистикалық бағыттарды бақылауға. Сонымен қатар СҚО аудандарында полицейлер Ресеймен шекаралас аймақтардағы әріптестерімен бірлесіп, мал мен ет өнімдерінің заңсыз өткізілуіне тосқауыл қою бағытында жұмыс жүргізуде.