Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау – өте маңызды. Олардың қазіргі денсаулығы болашақта отбасы құрып, бала сүю мүмкіндігіне негіз болады. Бұл алдағы 10-15 жылдағы еліміздің демографиялық жағдайына да әсерін тигізеді. Жасөспірімдер мен жастар арасында отбасының маңыздылығы мен репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру мақсатында елімізде 103 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Мұнда 10-18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға және 18-29 жас аралығындағы жастарға медициналық, емдеу-профилактикалық көмек көрсетіледі.
Еліміздің ұлттық егу күнтізбесіне жақында маңызды вакцина енгізілді. Бұл екпе болашақта ата-аналардың онкологиялық ауруларға шалдығу қаупін азайтуға бағытталған. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алуға және жыныс аймағындағы папилломалардың пайда болуын болдырмауға көмектеседі. Аймақтық дәрігер-педиатр Арман Бәшіров өз учаскесінде шамамен 800 балаға медициналық қызмет көрсетеді.
СНХ: АРМАН БӘШІРОВ, ПЕДИАТР-ДӘРІГЕР
Қазіргі заманда жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы мәселелері өте өзекті болып отыр. Оларды қорғау үшін қоғам мен медициналық жүйе кешенді түрде жұмыс істеуі қажет. Осы мақсатта ақпараттық және түсіндіру жұмыстары емханаларда, сондай-ақ білім мекемелерінде де жүйелі түрде жүргізіледі.
СНХ: АРМАН БӘШІРОВ, ПЕДИАТР-ДӘРІГЕР
Жасөспірімдік кезең – адамның өмір бойы денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін білім, дағдылар мен құндылықтарды игеретін ең маңызды уақыт. Бұл кезеңде дұрыс тәрбие, ақпараттық жұмыс және медициналық қолдау жасөспірімдердің денсаулығын қорғауда шешуші рөл атқарады.