Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдағы тәртіп пен мәдениеттің маңыздылығына ерекше назар аударып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл қағиданы қоғамда түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдардың арасында біртұтас көзқарас пен ортақ ұстаным қалыптасуы қажет. Бұл, ең алдымен, кез келген құқық бұзушылыққа жол бермеу және заңсыздыққа қарсы тұру қағидасын берік сақтау дегенді білдіреді. Президент мемлекеттік органдардың осы бағыттағы қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, осының нәтижесінде елде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық сана қалыптасып, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік орнығады. Солтүстікқазақстандықтар бұл пікірмен толық келісетіндерін жеткізіп, интернет алаяқтықтың белең алып бара жатқанын тілге тиек етті.