Петропавлда су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған маңызды стратегиялық жоба аяқталуға жақын. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының бірі – су бұру арнасының құрылысымен арнайы барып танысты. Жоба толық іске қосылған жағдайда Заречный кенті мен өзен бойындағы елді мекендерді су басу қаупі едәуір төмендемек.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы су бұру арнасының құрылысымен танысты. Бұл жобаның маңыздылығы аса жоғары. Жоспар бойынша тасқын уақытында арна арқылы топан су өтіп, гүрілдеген Есілдің деңгейі төмендейді. Нәтижесінде Заречный кентіне, өзен бойына жақын орналасқан ауылдарға төнер қауіпті сейілтеді.

СНХ: АЛЕКСЕЙ НАЛИМОВ, "Diana-пласт" ЖШС басшысы


Ақпан айында басталған жұмыс бүгінде аяқталуға жақын. Яғни, алдағы көктемде су бұру арнасының тиімділігі байқалмақ. Атқарылған шаруамен танысу барысында аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тасқынға жалпы дайындық барысына тоқталды. Бүгінде қауіпті нүктелерде жоспарланған жобалардың дені мәресіне жетіп қалған.

СНХ: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі


Су бұру арнасының құрылысы аяқталып, бойында бірнеше жол пайда болғанына саяжайшылар аса қуанышты. Қыркүйекте «Жемчужная весна» бау-бақша серіктестігінің өкілдері өңір басшысының жеке қабылдауында болды. Сонда көктемде өздерінің жазғы үйлері орналасқан аумаққа жету машақат екенін жеткізді. Облыс әкімі мәселені тыңдап, қала билігіне шешуді тапсырды.


Енді жазғы үйлеріне жеткенше жанды шүберекке түйетін тұрғындар алаңдамаса болады. Тілдесу кезінде петропавлдық Алексей Запорожец саяжайшылар атынан аймақ басшысына, аянбай еңбек еткен мамандарға алғыс білдірді.