Астанада ұстаздар қауымына арналған салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға сүбелі үлес қосқан, жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше еңбегімен танылған педагогтерге мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапат иелерінің қатарында мектеп мұғалімдерімен бірге колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандар бар.

Солтүстік Қазақстан облысының қос бірдей ұстазы Мемлекет басшысының қолынан жоғары марапат - «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Олардың бірі Уәлиханов ауданы Мортық орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сейітова. Ол – педагог-зерттеуші, геометрия мен математикалық сауаттылыққа арналған әдістемелік еңбектердің авторы. Гүлжан Кәпезқызының шәкірттері талай мәрте облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда оза шауып, абырой әкелді. Екінші педагог Петропавл қаласындағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледждің арнаулы пәндер оқытушысы Саруар Базарбаева. Саруар Оразқызы – оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторы, республика мен халықаралық деңгейдегі педагогикалық байқаулардың жүлдегері. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда, соның ішінде WorldSkills Kazakhstan чемпионатында да жүлделі орындарға ие болған. Ұстаз тәжірибесі мен білімін ұдайы жетілдіріп, оқу бағдарламаларын әзірлеу ісіне де белсенді араласып жүр.