Биыл өңірде жыл басынан бері 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тапты, 488-і жарақат алды. Солтүстік Қазақстанда полицейлер мен дәрігерлер «Рөлде ұйықтау» акциясын өткізді

Өткен түні полицейлер медицина қызметкерлерімен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облысының автожолдарында кезекті «Рөлде ұйықтау» акциясын өткізіп, жүргізушілерге шаршаңқы күйде көлік жүргізудің қауіпті екенін ескертті.


Көбіне шаршау мен зейіннің бөліну қаупі жүк көлігін жүргізушілерге тән. Құқық қорғаушылар еңбек пен демалыс режимін сақтаудың маңызын түсіндіріп, профилактикалық жадынамалар таратады. Кей жүргізушілерге «жедел жәрдем» көлігіне барып қаралу ұсынылды. Мұнда медицина қызметкерлері қан қысымын өлшеп, жалпы денсаулық жағдайын бағалайды.


Шаршағанын сезген жүргізушілерге полицейлер ең жақын демалыс орнында қалпына келуді қатаң түрде ұсынады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, рөлде ұйықтап кету – ауыр салдары бар жол-көлік оқиғаларының ең жиі себептерінің бірі. Биылғы 8 айда СҚО жолдарында 362 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тапты, 488-і жарақат алды. Оның ішінде республикалық маңызы бар автожолдарда 70 апат орын алып, 17 адам көз жұмды, тағы 117-сі жарақаттанды.

СНХ:Жасұлан Садвокасов – СҚО ПД патрульдік полиция батальоны взводының командирі


«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын басшылыққа алған полицейлер жол-көлік апаттарының алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты тұрақты жүргізеді. Жүргізушілерге негізгі ескерту: шаршаңқы күйде көлік жүргізбеу, жолда барынша мұқият болу, әсіресе қараңғы уақытта және ылғалды асфальтта абайлау, жылдамдықты асырмау.