Өңір жетекшісі жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды. Мұнда Ғауез Нұрмұхамбетов құрылыс нысандарын аралып, жаңадан ашылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен танысты. Орақ науқаны да әкім назарынан тыс қалмады.
Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды. Алғаш барған жер - қаладағы әлеуметтік осал топтағы жандарға салынып жатқан үйлер. Баспанада 2 бөлмелі 16 пәтер болады. Құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Енді тек нысанның қоршауын орнату қажет.
Өңір басшысы бастаған топ Мамлютка қаласының орталық қазандығына барды. Нысан тұрғындарды 2016 жылдан бері жылумен қамтамасыз етеді. Көмір алу - қазіргі маңызды мәселе. Бұл міндетке билік ерте көңіл аударыпты.
Ауыз су сапасын жақсарту мақсатында ауданда биыл 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Құны 1,3 млрд теңгені құрайтын маңызды бастамалардың арқасында ауылдардағы үйлерге таза тіршілік көзі жетеді.
Көптен күткен оқиға! Мамлют ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Аймақ басшысы нысанды аралап шықты. Орталықта адамдар 20 шақты спорт түрімен айналыса алады. Көрсетілген қолдау үшін ақсақалдар алғыс жаудырды.
Жақында ауданда экологиялық таза желім қолданатын ағаш жоңқасынан тақта шығаратын зауыт іске қосылады. "Сапа Инвест Плюс" серіктестігі жобаға қомақты инвестиция құйды. 15 қызметкер жұмысқа алынады. Қазақстанның бірде-бір өңірінде ашылмаған кәсіпорын болашақта 30 мың тонна өнім өндірмек.
Ауданда балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Кәсіпкер Александр Ухов форель балығы өнімдерін Қазақстаннан бөлек, басқа да елдерге сатады. Бүгінде 5 су айдынын жалға алып отыр.
Қазір Мамлют ауданында ауданішілік және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Биыл маңызды іске 1,1 млрд теңге бағытталған. Жоспар бойынша 31,4 шақырымға тақтайдай тегіс асфальт төселу қажет. Облыс әкімі мердігермен тілдесті, жұмысты күн суымай тұрғанда аяқтауды тапсырды.
Өңір басшысы егін жинау науқанымен де танысты. Дубровное ауылының іргесіндегі алқапта кәсіпкерлер шығымдылық, мемлекеттік қолдау жайлы және ауа райы мүмкіндік берсе орақты бір айдың ішінде аяқтайтындарын айтты.
Дубровное ауылындағы "Бредун" серіктестігі сұйық минералды тыңайтқыш шығарумен айналысады. Егістік жерінің аумағы 4 мың гектардан асады. Бүгінде диқан жаңа астықты қабылдауға дайындалып жатыр, кептіргіш қондырғылар орнатыпты.
Жақында ғана Воскресеновка ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Орталықта жергілікті әкімдік пен учаскелік инспектор отырады. Би, күрес залдары ашылды, кітапхана да орналасқан.
Сапар барысында Ғауез Торсанұлы аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко мен аймақ басшысы атқарылған жұмыс пен жоспарды баян етті. Кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Ауданда екі қазақ ауылы бар. Алаңдатарлық мәселе - жұмыссыздық. Осыған байланысты қос елді мекеннің халқы қалаға көшіп жатыр. Ал тұрғындар үйлерге құлып салынбағанын қалайды.
Елена Степаненко Бостандық ауылында қоныс аударушылар үшін үй салынып жатқанын, ал Бексейітте бос тұрған үйлер барын айтты. Болашақта баспаналарда тұрмыс жанданбақ. Халықты жол мәселесі де алаңдатады. Іске жауаптылар кемшілік жойылатынына уәде берді.
Ендігі проблема - медициналық пунктердің іске қосылмауы.
Әр мәселе маңызды. Қыруар қаражат бағытталған жобалардың игілігін халық көруі тиіс.