Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан Еуразияның жетекші транзиттік хабына айналуға ұмтылуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.

Транскаспий бағыты Еуразиялық логистиканың негізгі буынына айналуда, соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты. Мемлекет басшысының Жолдауында серіктес елдер – Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде. Сондай ақ, Қазақстан теміржол инфрақұрылымы қарқынды дамып жатыр. Ірі жобалар елдің транзиттік мүмкіндіктерін бірнеше есеге арттырды.