Петропавл қаласында білім беру саласының ең басты дәстүрлі жиыны – тамыз конференциясы өтті. Бұл жолы да өңірдің жүздеген ұстазы бас қосып, өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа маусымның міндеттерін айқындады. Жиын – тәжірибе алмасып, білім сапасын көтерудің жаңа қадамдарын белгілеуге арналған үлкен алаңға айналды.
Конференция жұмысына облыстың барлық аудандарынан келген мұғалімдер, білім беру ұйымдарының жетекшілері мен сала мамандары қатысты. Сонымен қатар жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов арнайы келді. Іс-шара көрмеден бастау алды. Мұнда өңір басшысы Ғ. Нұрмұхамбетовке мектеп пен оқушыға арналған тың жобалар таныстырылды. Экспозицияда заманауи цифрлық технологиялар, білім берудің инновациялық тәсілдері мен жаңа бастамалар ұсынылды. Ұстаздардың жұмысын жеңілдетуді көздеген «Q-VISION» ЖШС негізгі пәндер бойынша арнайы әзірленген интерактивті ІТ-стендтерді ұсынды.
СНХ:ЛЕСБЕК ӘБДІҚҰЛОВ, «Q-VISION» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Конференцияның пленарлық бөлімінде білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттары талқыланып, өткен оқу жылының қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған мақсат-міндеттер айқындалды. Солардың бірі – ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы. Бұл бастама ауылдағы шағын жинақты мектептердің әлеуетін көтеруге, ұстаздардың кәсіби деңгейін жетілдіруге арналған. Бағдарлама аясында цифрлық платформаларды тиімді пайдалану, педагогтардың біліктілігін арттыру, оқу үдерісін аналитикалық тұрғыдан сүйемелдеу қарастырылған. Қазіргі уақытта жоба 52 ауыл мектебін қамтып отыр. Бүгінде өңірдегі шағын жинақты мектептерде еңбек ететін 980 педагог арнайы курстан өтті. Ал маусым айынан бастап 384 мұғалім біліктілігін арттыруды жалғастыруда.
СНХ:АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысындағы бес мектептің республикадағы үздік 100 білім ордасының қатарына енгенін атап өтті. Оның төртеуі – ауылдық мектептер. Әкім алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10-ға жеткізуді міндет етті. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында Петропавл қаласының «Береке» шағынауданында 600 орындық жаңа мектеп салынатынын және облыс бойынша 67 білім ордасы жаңғыртудан өтетінін айтты. Конференция барысында мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға, олардың қоғамдағы рөлін айқындап, кәсіби дамуына жағдай жасауға басымдық берілді.
СНХ:ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Білім жүйесінің маңызды бөлігі – мектепке дейінгі тәрбие. Себебі дәл осы кезеңде баланың зияткерлік, эмоциялық және әлеуметтік дамуының іргетасы қаланады. Вице-министрдің сөзінше, балабақшаға кезек 44 пайызға қысқарған. Жыл басынан бері елімізде 179 жаңа балабақша ашылды.
СНХ:АСЫЛБЕК АХМЕТЖАНОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Конференция соңында үздік педагогтар мен білім беру ұйымдары марапатталды. Бұл олардың кәсіби шеберлігі мен білім саласына қосқан үлесін айғақтайтын құрмет болды. Сондай-ақ №4 орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Шолпан Әблемова да марапатталды. Өткен аптада ұстаз Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын иеленген болатын.
СНХ:ШОЛПАН ӘБЛЕМОВА, ПЕТРОПАВЛ Қ. №4 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІ
Орта білім берудің үздік ұйымы атағын Қызылжар ауданының Бескөл №3 орта мектебі иеленді. Мектепке 68 миллион теңге көлемінде сертификат-грант табысталды.
СНХ:АЙНҰР СӘРСЕНОВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ БЕСКӨЛ №3 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
Конференция қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, білім саласының алдағы басым бағыттары айқындалды.