Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер Тайынша ауданындағы ауылдар мен аудан орталығында жасалған мал ұрлығының бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт жас жігітті ұстады. 


Қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қоралардан қой ұрлаған. Айта кетерлігі, мал иелерінің ешқайсысы жануарлардың жоғалғанын өз бетінше байқамаған. Қылмыстар полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.


Криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні анықтады. Олар — жасы 20 мен 24 аралығындағы жергілікті тұрғындар. Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген. 1 мамыр күні, малды өткізгеннен кейін күдіктілер бірден ұсталды.


СНХ: АЛМА ИБРАЕВА — СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ


Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-жайларды көрінетін жерлерге орналастыруға және өздеріне тиесілі малды қорғау бойынша өзге де шаралар қабылдауға шақырады. Жыл басынан бері СҚО-да 6 мал ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды..