Цифрлық технологиялар шалғай елді мекендер үшін де дамудың нақты мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Тимирязев ауданының жоғары сынып оқушысы мектеп оқушыларының талантын ұштауға көмектесетін айрықша жобаларды қолға алған. Ал оның тың идеяларын жетілдіруге жаңадан ашылған Digital Creative Center орталығы септігін тигізуде. 

Даниил Степаненко - IT саласын екі жылдан бері меңгеріп келе жатқан жоғары сынып оқушысы. Технологияға құштар ол бүгінде екі бірдей перспективті білім беру жобасын әзірлеген. Соның бірі — «Sabaq» платформасы. Жобаның басты мақсаты — қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою. Сондай-ақ, платформа ресми патентке ие болған. Мұнда мектеп пәндерінен бөлек, робототехника мен вокал секілді қосымша бағыттар бойынша курстар қолжетімді. Оқыту офлайн форматта жүреді. Бүгінде бұл жүйені еліміз бойынша 30 мектептің оқушылары пайдаланып отыр.

СНХР: ДАНИИЛ СТЕПАНЕНКО – С. МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ТИМИРЯЗЕВ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ

Жас өнертапқыш Тимирязев ауданындағы Digital Creative Center орталығының алғашқы резиденті атанды. Ол өзінің жобаларын осы орталықта пысықтап, жаңа идеяларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл нысан Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы аясында ашылды. Бүгінде бұл орын ауыл жастарын біріктіретін басты алаңға айналған. Айта кетейік, мұндай технологиялар өңірде алғаш рет енгізіліп отыр. Орталық - ойын, цифрлық және коворкинг аймақтарына бөлінген және заманауи құрылғылармен жабдықталған.

СНХР: КАРИНА ЖАНТОҚОВА, DIGITAL CREATIVE CENTER ЖЕТЕКШІСІ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫ

Орталықта ересектермен де жұмыс істеу қолға алынған. Алдағы уақытта мұнда кәсіпкерлер мен педагогтарды оқытып, практикалық сабақтар өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, аға буын өкілдерінің цифрлық қызметтерді меңгеруіне де ерекше көңіл бөлінбек.