Отан қорғаушылар күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде салтанатты сап түзеу өтті. Өңірдің бас полйцейі Абай Жүсіпов жеке құрамды мерекемен құттықтап, бұл күннің полиция қызметкерлері үшін маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.

Салтанатты сап түзеу Петропавл қаласының Бас алаңында өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалғаннан кейін СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов жеке құрамды келе жатқан мерекемен құттықтады. Бұл күн полицейлер үшін ерекше мәнге ие, өйткені олардың басты парызы -халық пен мемлекетке қызмет ету.

Екі тәжірибелі офицерге кезекті «полиция полковнигі» арнайы атағы берілді. Юрий Семенько — тылдық қамтамасыз ету басқармасы бастығының орынбасары. Серік Әлжанов облыстық полиция ведомствосының ең ірі бөлімшесі — Петропавл қаласы полиция басқармасын басқарады.

Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша негізгі жүктемені күн сайын өз мойнына алады. Осындай атақ мерзімінен бұрын жедел әрекет ету арнайы жасағының командирі Самат Жантасовқа және Уәлиханов ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Азат Бекболатовқа да берілді. Тағы екі қызметкер подполковник, біреуі полиция майоры атанды. Басқа марапаттардың қатарында — медаль, төсбелгілер, Қазақстан Республикасы ІІМ мен СҚО ПД-ның грамоталары және алғыс хаттары бар.

Полиция ардагерлерін құттықтау буындар сабақтастығын айқындады. Марапаттау рәсімінен кейін құқық қорғау қызметкерлері үрмелі оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен өтіп, қызмет атқаратын орындарына тарады.