Петропавл полициясы күрделі айналма қиылыстан өту ережелерін түсіндірді. Қаладағы әлеуметтік желілерде Егемен Қазақстан, Караванная және Қазақстан Конституциясы көшелерінің айналма қиылысындағы қозғалыс ұйымдастырылуы қызу талқыланды. Жүргізушілердің сұрақтарына жауап ретінде Әкімшілік полиция басқармасы ресми түсініктеме берді. Орнатылған сызбаға сәйкес, бұл айналма қозғалысы бар қиылыста басты жол Караванная көшесінен басталып, айналма жол бойымен жалғасады. Жүргізушілер үшін қиындық тудыратын жер – гараж кооперативтері мен өзге де өндірістік нысандар орналасқан аула аумағынан шығатын тұйық жол. Полиция түсіндіргендей, Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, ауладан шығатын жолдар қиылыс болып саналмайды. Бұл дегеніміз – осы жерден шығатын көліктер барлық жол қатысушыларына жол беруі тиіс. Қосымша ақпарат үшін бұл жерге 2.4 «Жол беріңіз» белгісі орнатылған. Департамент жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға және ережені қатаң сақтауға шақырады. Бұл қауіпсіздік шараларының маңызы зор: жыл басынан бері өңірде 308 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тауып, 419 адам жарақат алған.

СНХР: Данияр Іргебаев – СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы