Шілденің 27-сінен бастап өңірде «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр Бір тәулік ішінде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 50-ден астам түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімді анықтады.

Акцияның басталғаны туралы хабарлама әлеуметтік желілерде, жол бойындағы ақпараттық таблоларда, сондай-ақ Кайрат Нұртас қатысқан концертте көрсетілді. Шара барысында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті. Мақсат - кәмелетке толмаған балалар үшін ата-аналардың жауапкершілігін еске салу. Полицейлер ойын-сауық орындары мен сауда орталықтарын аралап, проблемалық мекенжайларды тексеруде.

Петропавл қаласының Жұмысшы кентінде 37 жастағы әйелдің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Оның 16 жастағы ұлы бар, қазіргі таңда анасының ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралуда. Заңға сәйкес, оған ішімдік ішуге тыйым салынған, балаға лайықты тұрмыстық жағдай жасауы тиіс. Алайда әйел бұл талаптарды елемеген.

Сағат 23:00-ден кейін рейдтік топтар компьютерлік клубтар мен ойын-сауық орындарын тексерді. Жүйелі алдын алу жұмысының нәтижесінде түнгі уақытта дәмхана ішінде заңды өкілінсіз жүрген кәмелетке толмағандар анықталған жоқ. Алайда, Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында, саябақ маңында осындай бірнеше факті тіркелді. Полицейлер әкімшілік хаттамалар толтырып, ата-аналарын шақыртты.

СНХР: Айнагүл Сауытбекова - СҚО ПД ЖПҚБ басқармасының инспекторы


Жұмыс қамқоршылық және білім беру органдарымен бірлесіп жүргізілуде, рейдке қоғам белсенділері мен еріктілер де қатысуда. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы негізгі міндеттердің бірі. Жедел-алдын алу іс-шарасы 29 шілдеге дейін жалғасады.