Петропавл маңындағы «Достық» жазғы лагерінде демалып жатқан балалар үшін полицейлер ерекше бағдарлама дайындады. Арнайы жедел әрекет ету жасағының көрсетілімді өнері, патрульдік автокөліктің мүмкіндіктерімен танысу, есірткіге қарсы эстафета - профилактикалық шаралар қызықты әрі мазмұнды өтті. Толығырақ - облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің материалында.
Кездесуді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы мен төтенше жағдайлар департаменті бірлесе ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін еске салды: терезеден құлау қаупі, өрт қауіпсіздігі, жол жүру ережелерін сақтау. Сондай-ақ жасөспірімдер жиі жасайтын құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты таратудың қауіп қатері жайлы да айтылды.
Шараның ең әсерлі бөлігі - арнайы жедел әрекет ету жасағының көрсетілімді өнері болды. Жауынгерлер қарулы қылмыскерге қарсы тұруға мүмкіндік беретін жауынгерлік тәсілдерді көрсетті. Патрульдік полицейлер балаларға қызметтік көлікке отырып, дауыс зорайтқыш құрылғысын қолданып көруге мүмкіндік берді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері балаларға есірткінің қауіптілігі мен оны таратудың ауыр салдары туралы айтып, қызықты спорттық жарыс ұйымдастырды.
СНХР: Айнагүл Сауытбекова - СҚО ПД ЖПҚБ басқармасының инспекторы
Балалар лагерлеріндегі мұндай профилактикалық іс-шаралар өскелең ұрпаққа қауіпсіздік, жауапкершілік және заң мен тәртіпті сақтау туралы түсінік қалыптастыруға бағытталған. Бұл жұмыс жазғы демалыс кезінде аса маңызды және облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.