Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген тексерулер барысында цифрландыруға бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деректері анықталды. Қадағалау органының мәліметінше, 8 ауданның білім бөлімдерінің лауазымды тұлғалары Бюджет кодексі мен мемлекеттік сатып алу ережелерінің талаптарын бұза отырып, білім беру мекемелерін интернет желісіне қосу бойынша қызметтер көрсетуге шарттар жасасқан.
Бұл мақсатқа 360 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Алайда көрсетілген қызметтер техникалық сипаттамаларға сай келмеген. Мысалы, Ақжар ауданында Горьков орта мектебінің мұғалімдері интернеттің төмен жылдамдығына байланысты роутерді өз қаражаттарына сатып алған. Бұл ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талаптарына қайшы. Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, көрсетілген қызметтердің құнын төмендету туралы қосымша келісімдер жасалды. Нәтижесінде бюджет қаражатын негізсіз жұмсаудың алдын алуға және 75,8 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік туды.