Көпсалалы облыстық ауруханада 64 жастағы Петропавл тұрғынына ми ісігін алып тастау бойынша күрделі ота жасалды. Науқас бір жыл бойы басының ауыруына мән бермей, тек ауырсынуды басатын дәрілермен жүре берген. Уақыт өте келе жағдайы нашарлап, оқу-жазу қабілеті мен сөйлеуі нашарлаған.

Дәрігерлер диагноз қойғаннан кейін, шұғыл ота жасалды. Науқас тіпті туған-туысқандарын да таный алмаған. Мұны байқаған келіншегі жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігерлер денсаулығының сыр бергенін байқап, нейрохирургтарға жүгінуге кеңес берді. Диагностикалық тексерулер мен МРТ нәтижесінде науқастың миында ісік бар екені анықталды. Үш күн ішінде қажетті талдаулар жасалып, дереу ота жасау шешімі қабылданды. Нейрохирург Балхар Шатуевтің айтуынша, мидың сол жақ бөлігінде ісіну мен құрылымдардың ығысуы тіркелген. Науқасқа ми ісігі диагнозы қойылып, 6 сағатқа созылған күрделі ота жасалды. Бас сүйегіне трепанация жасалып, ісік микрохирургиялық жолмен алынды. Қазір пациенттің жағдайы жақсарып, емін нейрохирургия бөлімшесінде жалғастыруда. Құны 10–15 млн теңге тұратын ота МӘМС аясында тегін жасалды.