Петропавлда өрт сөндіру қызметінде жаңа технология қолданысқа енді. Қауіпті аймақтардағы тілсіз жаумен күресуге арналған арнайы робот таныстырылды. Тақырыпты Әсем Әкімқызы тарқатады.

Петропавлдық мамандар қауіпсіздік саласына тың жаңалық әкелді. Мына құрылғы— өртті сөндіретін робот! Бұл — Киров зауытында құрастырылған отандық құрылғы.

Солтүстік Қазақстан облыстық ТЖД-не Петропавлдағы Киров зауытының инженерлері құрастырған өрт сөндіру роботының бір данасы берілді. Бұл техника қауіпті аймақтарда, әсіресе жанармай және газ құю бекеттерінде, өртке қауіпті сұйықтықтар мен улы заттар сақталатын нысандарда өрт шыққан жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Роботтың жылдамдығы – 1 метр/секунд. Су бүрку қашықтығы 15-20 метрге дейін жетеді. Ол су мен көбікті шашыратып, арнайы басқару пультімен қашықтан басқарылады. Бұл робот Киров зауытында 2023 жылы құрастырыла бастаған.

СНХР: ӘДІЛ СПАЕН, ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ


Өрт сөндіру қызметіндегі бірегей құрылғы Қазақстанда алғаш рет Петропавлда құрастырылған. Болашақта бұл технология еліміздің басқа аймақтарында да қолданылуы ықтимал.