Петропавлда «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ауаға зиянды зат бөлетін автобустар анықталды. Экологиялық талаптарға сай келмейтін қоғамдық көліктерді маршрутқа шығарған екі жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қоғамдық көліктердің шығарған газындағы түтін деңгейінің шекті нормадан асып кету деректерін анықтау мақсатында полицейлер мен экологтар бірлескен рейдтерін жалғастыруда. Бұл жұмыс 21 шілдеде басталған республикалық «Тасымалдаушы» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілуде.

Петропавл қаласындағы қоғамдық көліктердің соңғы аялдамаларында рейдтік топ арнайы құрал арқылы өлшеулер жүргізеді. Егер заңбұзушылықтар анықталса, полиция қызметкерлері автобус иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырады.

СНХР: Оксана Попова — Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны штабының бастығы


«Тасымалдаушы» іс-шарасының басты мақсаты - жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Бір күн ішінде экологиялық талаптарға сай келмейтін автобустарды маршрутқа шығаруға жол берген екі жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жол ережелерінің сақталуына да ерекше назар аударылуда.