Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді ресми бекітіп, құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің қарапайым азаматтар мен жалпы жүйеге қалай әсер ететіні жайында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры түсініктеме берді.

Қазіргі уақытта халықтың 83%-ы сақтандырылған. Алайда шамамен 3,3 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр.Осыған байланысты халықты МӘМС жүйесімен барынша қамтуға мүмкіндік беретін жаңа шаралар қабылданды. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Осы шаралардың нәтижесінде 2026 жылы шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады.Енді азаматтар кемінде бес жыл қатарынан жарна төлеген болса, уақытша төлем тоқтатылған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады 2026 жылғы қаңтардан бастап жарналар мен аударымдарды есептеу үшін қолданылатын табыс көлемінің жоғарғы шегі жаңартылады: Жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), Қызметкерлер үшін – 20 ЕТЖ. Осы шараның нәтижесінде МӘМС жүйесінің табысы жылына шамамен 200 млрд теңгеге артады деп күтілуде.