Сөз құдіретін серік еткендерге құрмет! Облыс журналистері кәсіби мерекелерін ерекше форматта атап өтті. Kozybaev University мен Қазақстан Журналистер одағының өңірлік филиалы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап танымдық әрі тағылымды кездесу өткізді. Жиын барысында қалам иелеріне марапаттар табысталып, университеттің жаңа оқу ғимараты таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылар білім мен тапқырлық сынға түскен зияткерлік сайыста бақтарын сынады.

Ақпарат майталмандары Kozybaev University-дің жаңа ғимаратында бас қосты. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты шараға өңір журналистикасының ардагерлері мен белсенді өкілдері жиналды. Кеш барысында бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қаламгерлер марапатталды. Оларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталып, еңбектері кеңінен насихатталды. Жылы жүздесуге ұласқан басқосуда, ұйымдастырушылар атынан Қазақстан Журналистер одағының облыстағы филиал төрағасы Ерлан Тоқшылық арнайы сөз сөйлеп, қалам иелерін мерекемен құттықтады.

СНХР: ЕРЛАН ТОҚШЫЛЫҚ, ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ СҚО ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ


Биыл өңірлік баспасөз үшін ерекше жыл – “Солтүстік Қазақстан” газетіне 105 жыл, ал қалалық “Қызылжар нұры” газетіне 20 жыл толып отыр. Осы қос мерейлі дата аясында басылымдарға басшылық етіп келе жатқан Ербақыт Амантай кәсіби мерекеде құрмет грамотасымен марапатталды. Ол — өңірлік журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті басшы, тәжірибелі қаламгер.

СНХР: ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, «ҚЫЗЫЛЖАР-АҚПАРАТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ


Солтүстік Қазақстан журналистикасында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, есімі елге кеңінен танымал Владимир Синенконың есімі бұл күні ерекше ілтипатпен аталды. 17 жасынан бастап ақпарат айдынында қалам тербеген ол өзінің табанды еңбегімен, шынайылығы мен жоғары кәсіби ұстанымдары арқылы көптеген әріптестеріне үлгі бола білді.

СНХР: ВЛАДИМИР СИНЕНКО, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ


Күннің қорытынды нүктесі зияткерлік сайыс болды – журналистер арасында өткен инетлектуалды ойын тартысты әрі қызықты өтті. Бірнеше кезеңнен тұрған сайыста қатысушылар логика, білім және жылдамдық бойынша сынға түсті. Музыкалық және тақырыптық сұрақтар ойынның көркін қыздырды. Зияткерлік бәсекеден кейін қатысушылар университеттің жаңа оқу ғимаратын аралап көрді. Кеш барысында Kozybaev University ректоры жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, журналистиканың қоғам өміріндегі рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ректор қуанышты жаңалықпен бөлісті – университет алғаш рет әлемдегі беделді QS рейтингінің қатарына енді.