Облыс орталығында 18-20 маусым аралығында Yandex Qazaqstan ұйымдастыруымен Акселерациялық апта өтеді. Qyzylzhar Creative Center алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген режиссерлер, медиаменеджерлер мен суретшілер өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Yandex Creative Lab жобасы киноиндустрия саласында алғаш рет Петропавл қаласында жүзеге асырылуда. Үш күн бойы Qyzylzhar Creative Center алаңында кино және медиа саласының жетекші мамандарының қатысуымен дәрістер мен шеберлік сабақтары өтеді. Бұл — Yandex Creative Lab бастамасының бір бөлігі. Аталған ауқымды жоба Қазақстан мен Орталық Азиядағы креативті индустрияларды қолдау мен дамытуға бағытталған.

СНХР: ЕРЛАН ИГІСІНОВ – YANDEX QAZAQSTAN КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ GR ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ


Спикерлердің қатарында Ресейден келген Yandex «Кинопоиск» компаниясындағы халықаралық жобаларды дамытуға жауапты маман Елена Бродская да бар. Оның айтуынша, соңғы 6 жыл ішінде Қазақстанның киноиндустриясы айтарлықтай қарқын алып, жанрлық тұрғыдан да, сапа жағынан да жаңа деңгейге көтерілді. Елімізде түсірілетін фильмдер мен сериалдардың саны ғана емес, олардың халықаралық деңгейдегі танымалдығы да артып келеді.

СНХР: ЕЛЕНА БРОДСКАЯ – «КИНОПОИСК» КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ДАМЫТУҒА ЖАУАПТЫ МАМАН


Акселерация апталығының қатысушылары білім алуды онлайн форматта жалғастырып, жаңа практикалық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, жыл бойы Yandex Qazaqstan еліміздің басқа да қалаларында кітап және музыка салалары бойынша осыған ұқсас форматтағы жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.