Петропавлда Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақ әдебиетінің тау тұлғасына арналған басқосуда қаламгер мұрасы кеңінен талқыланып, рухани-мәдени маңызы жоғары ойлар ортаға салынды. Жиынға облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері. Жазушының 125 жылдығына арналған республикалық конференцияда оның әдеби және қоғамдық мұрасы кеңінен сөз болды. Конференцияға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Сәбит Мұқановтың әдеби мұрасының маңыздылығына тоқталды.
СНХР: МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Жиынға зиялы қауым өкілдері, жазушылар мен ғалымдар қатысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те өз сөзінде Сәбит Мұқановтың ұлттық әдебиетке қосқан үлесін атап өтті.
СНХР: ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ
Жазушының қызы Жанна Сәбитқызы әке рухына көрсетілген құрмет үшін алғысын білдірді. Ол әкесінің мұрасын ұлықтап, оның шығармаларын кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында атқарылып жатқан іс-шаралардың маңызын атап өтті. Жанна Сәбитқызы бұл конференцияның тек ғылыми жиын ғана емес, сонымен қатар әкесінің есімін ел есінде жаңғыртатын рухани іс-шара екенін айтты.
СНХР: ЖАННА МҰҚАНОВА, СӘБИТ МҰҚАНОВТЫҢ ҚЫЗЫ
Конференция барысында әдебиеттанушылар мен зерттеушілер баяндама жасап, Сәбит Мұқанов шығармашылығын жаңа қырынан талдады. Сонымен қатар, жазушының өмірі мен қызметіне арналған арнайы көрме де ұйымдастырылды. Сәбит Мұқановтың 125 жылдығы аясында облыста түрлі мәдени-рухани іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады.