Өңірге губернатордың орынбасары Сергей Гаврин бастаған Қорған облысының делегациясы келді. Оның құрамында шекаралас өңір агроқұрылымдарының басшылары бар. Сапар ресейлік тараптың бастамасымен ұйымдастырылып, СҚО делегациясының Қорған облысына жасаған ресми сапары аясында басталған өзара байланыстардың жалғасы болды.
Қорғандық тарап біздің өңірде сүт фермаларын салу және осы жобаны республика көлеміне тарату бойынша бастамаларға ерекше қызығушылық танытты. Сапар барысында қонақтар өңірде агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асырудың үздік тәжірибелерімен танысты. Бағдарлама аясында делегация Аққайың ауданындағы заманауи «Қызылжар сүт» және «Иван Зенченко» сүт-тауарлы фермаларында болды. Сонымен қатар, Новоникольское ауылына барып, онда «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде ауыл шаруашылығының дамуы мен әлеуметтік инфрақұрылыммен танысты. Сапар соңында Мамлют ауданындағы Андреевка елді-мекеніндегі «Арқалық» шаруа қожалығына барып, онда биенің сүтін өңдеудегі бірегей жобамен танысты. Бұл сапар агроөнеркәсіп саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша тәжірибе алмасуға, сондай-ақ екі көршілес өңір кәсіпорындарының арасында әріптестік байланыс орнатуға бағытталды.