Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында мердігерлердің инженерлік желілерді салу бойынша есептері тыңдалды. Сондай-ақ, отандық және шетелдік инвесторлар арнайы аймақта жаңа өндірістердің құрылысы барысы туралы баяндады.

Қазір №3 субаймақта нан-тоқаш өнімдері зауыты, тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорын, көтергіш-көлік жабдықтары мен көпір крандарын өндіру зауыты, саңырауқұлақ фермасы және компост зауыты сынды жобалар жүзеге асып жатыр. Өңір басшысы әлеуметтік желіде "Жалпы алғанда, үшінші субаймақта Италия, Қытай, Ресей және Германиядан капитал тарту арқылы 105 млрд теңгеге 16 инвестжоба іске аспақ. Бұл жобалар аясында 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады", - деп жазды. Сонымен қатар, Мәди Такиев көпсалалы облыстық аурухананың құрылыс барысымен де танысты. Бұл аурухана өңірдегі халықаралық стандарттарға сай алғашқы жоғары деңгейдегі медициналық мекеме болмақ. Маңызды әлеуметтік нысанның ашылуы заманауи технологияларды енгізуге, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға негіз болады.